Кәсіпкер
«Өмір не шытырман оқиғаға толы саяхат, не түк те емес».
ESTPs (Кәсіпкерлер) – қайсар мінезді, жігерлі жандар. Олар бәсекені табысқа жетудің бұлжымас шарты деп түсінеді. Бар назары қазіргі сәтке бағытталатын бұл тұлға түрі өткенге салмақ сала бермейді. Шын мәнінде, олар уақытқа да онша мән бермейді, көбіне «қазір және осы жерде» қағидатын ұстанады.
ESTP тұлғаларын теория, дерексіз ұғымдар және жаһандық мәселелер мен олардың салдары туралы созылмалы талқылаулар ұзақ қызықтыра алмайды. Олар әңгімелерін ақылға қонымды етіп, қызу жүргізеді, бірақ нақты болып жатқан нәрсе туралы сөйлескенді – немесе одан да жақсысы, бірден іске кіріскенді ұнатады. Олар көбінесе алдын-ала ойланбастан әрекет етіп, төтенше жағдайларға дайындық пен қауіпсіздік шараларын жасап отырғаннан гөрі, қателіктерін жүре түзетеді.
Бірден іске кірісу
ESTP-лар – батыл әрі ержүрек топ, олар тәуекелге бару мен ішкі түйсігіне сүйеніп әрекет етуден қорықпайды. Олар осы сәтте өмір сүреді және ашық ойлау мен сыртқы сенімділікпен іс-әрекетке кіріседі. Бұл тұлға түріндегі адамдар драманы, құштарлықты және ләззатты эмоционалдық серпіліс үшін емес, олардың санасын жандандыратындықтан ұнатады. Олар маңызды шешімдерді жылдам әрі рационалды түрде, нақты шындыққа сүйене отырып қабылдайды.
Бұл ESTP-лар үшін мектеп пен басқа да жоғары ұйымдастырылған орталарды қиын етеді. Бұл олардың ақылды еместігінен емес, олар онда жақсы нәтиже көрсете алады, бірақ ресми білім берудің қатаң, дәріс оқу тәсілі бұл тұлғалар ұнататын тәжірибелік оқытудан алыс. Бұл процесті қызықты мүмкіндіктер тудыратын қажетті құрал ретінде көру үшін үлкен кемелділік қажет.
ESTP-лер үшін басқалардың моральдық құндылықтарына қарағанда өзінің ішкі сезімдеріне сүйену әлдеқайда маңызды. Олар үшін ережелер бұзылу үшін жасалған. Мұндай көзқарасты мектеп мұғалімдері мен компания басшылары құптай қоймайды, сондықтан бұл мінез иелері белгілі бір атаққа ие болады. Алайда егер олар тәртіп бұзушылықты азайтып, қуатын дұрыс бағытқа жұмсап, зерігерлік істерге де мән берсе, ESTP-лер үлкен күшке айналады.
Аз жүрілген жол
ESTP тұлғалары көрген-баққанын сүзгісіз қабылдап, айналадан ұсақ-түйек өзгерістерді байқауға ерекше дарынды. Біреудің түр-әлпетіндегі кішкентай өзгеріс пе, жаңа киім үлгісі ме, әлде әдеттегі дағдыдан тайған бір әрекет пе – олар бәрін қалт жібермейді. Сырт көзге бұл адамды ыңғайсыз етсе де, ESTP-лер сол өзгерісті дер кезінде атап өтіп, тікелей сұрақтар қояды. Олар өте ашық, сөзге шорқақ емес және ойға алғанын жасырып қалмайды.
ESTP тұлғасына ие адамдар құштарлық пен күш-қуатқа толы, әрі олардың ақыл-ойы да ширақ. Өзгелерді шабыттандырып, сендіре білетіндей ашық қасиеттерімен олар қайда барса да, айналасына қозғаушы күш ала келеді. Осындай асқақ қасиеттерді пайдалы әрі оң бағытқа бұру – ESTP-лердің басты міндеті.