Протагонист
Бүкіл әлем үнсіз қалғанда, жалғыз дауыстың өзі жер жарады.
ENFJ тұлғалар (Протагонист) өмірде ұлы мақсатқа қызмет етуге шақырылғандай сезінеді. Ойланып, идеалистік көзқараспен қарайтын бұл тұлғалар айналасына және жақындарына оң әсер беруге тырысады. Тіпті оңай болмаса да, олар дұрыс деп сенген нәрседен сирек бас тартады.
ENFJs табиғи көшбасшылар. Сондықтан да бұл тұлға түрін танымал саясаткерлер, жаттықтырушылар және мұғалімдер қатарынан жиі кездестіреміз. Олардың құштарлығы мен харизмасы адамдарға тек мансапта ғана емес, өмірдің кез келген саласында шабыт сыйлауға мүмкіндік береді. Достары мен жақындарының өздерінің ең жақсы нұсқасына айналуына бағыт беру арқылы олар зор қуаныш пен қанағаттану сезімін алады.
Дұрыстық жолындағы Үн қату
ENFJs өз құндылықтары туралы, соның ішінде шынайылық пен альтруизм жайында ашық айтады. Олар әділетсіздік көрсе, пікірін ірікпейді. Бірақ көп жағдайда дөрекі я өктем болып көрінбейді, себебі олардың сезімталдығы мен терең түсінігі басқалардың жүрегіне жол табады.
ENFJ тұлғасына ие адамдар айналасындағылардың негізгі ықыласы мен сенімін бірден сезінумен қатар, оларға тек қарап-ақ көңіл-күйін түсіне алады. Кейде өздері де басқа адамның жан дүниесі мен жүрегін осындай тез түсініп қоятынын ұға алмайды. Мұндай интуитивті түйсік оларды ерекше сенімді, шабыттандыратын коммуникатор етеді.
Олардың басты құпия қаруы – ниет тазалығы. Көп жағдайда ENFJs біреуді басқаруды, биліктен дәметуді көздемейді, керісінше әділ шешім қабылдауға ұмтылады. Тіпті біреумен келіспеген кезде де, олар ортақ жер табуға тырысады. Соның арқасында ENFJs аса әсерлі шешендікпен сөйлеу қабілетіне ие, әсіресе жүректеріне жақын тақырыптарда сөйлегенде олардың сөзін елемеу мүмкін емес.
Араласу
ENFJ-лар біреуді жақсы көргенде, сол адамның мәселелерін шешуге көмектескісі келеді – кейде кез келген бағамен. Жақсы жаңалық, көптеген адамдар бұл көмек пен кеңес үшін ризашылық білдіреді. Сайып келгенде, бұл тұлғалардың басқалардың өмірін жақсартуға көмектесетін беделі бекер емес.
Бірақ басқа адамдардың мәселелеріне араласу әрдайым сәттілікке жетелей бермейді. ENFJ-лар адамдардың өздерін жақсарту үшін не істей алатынын немесе не істеу керек екенін анық көреді, бірақ бәрі бірдей мұндай өзгерістерге дайын емес. Егер олар тым қатты қысым көрсетсе, жақындары өздерін ренжіген немесе әділетсіз бағаланған сезінуі мүмкін. Бұл тұлға түрі парасатты болып саналғанымен, тіпті ең дана ENFJ-лар да кейде жағдайды дұрыс түсінбей немесе білмей жаман кеңес беруі мүмкін.
Жол бастау
Бұл тұлға түріндегі адамдар – өзгелерге берілген альтруистер, олар сенім артатын адамдар мен идеялар үшін қиындық пен қарсылыққа мойымайды. Мұндай беріктік ENFJ-лардың басқаларды жалпы игілік үшін бірге жұмыс істеуге жетелеу қабілетін күшейтеді.
Бірақ олардың ең үлкен қабілеті – өз үлгісімен жетелеу. Күнделікті тіршілікте ENFJs қарапайым жағдайларды қалай мейірімділікпен, адалдықпен және қамқорлықпен шешуге болатынын көрсетеді. Мұндай тұлғалар үшін тіпті ең ұсақ күнделікті таңдаулар мен әрекеттер – демалысты қалай өткізуден бастап қиындық көріп жүрген әріптесіне не айтуға дейін – жарқын болашаққа жол бастайтын мүмкіндікке айналады.