«Өкінішке қарай, мені түсіну сізге оңай емес.»
Әдебиетте Гендальфтай құпиялы да ұмытылмас кейіпкерлер аз. Ол алдымен Сұр, кейін Ақ саналған Дж. Р. Р. Толкиннің «Сақиналардың әміршісі» романындағы сиқыршы. Оның даналығы мен ақылы адамдарға, ергежейлілерге, эльфтерге және хоббиттерге Орта Жерде жол көрсетіп, маңызды рөл атқарады.
Ол адал басшы ретінде достарын қорғап қана қоймай, оларды сенген істері үшін күресуге жігерлендіруге де тырысады. Логика мен қарапайым ақыл-парасаттан ада адамдарға (қақ cough, Пиппин) тым шыдамы жоқ және қажет деп санаса, өз ойын ашық айта салады.
«Сотқар Тук!»
Гендальф Орта Жерді ажалдан құтқаруда аса маңызды рөл атқарады. Ол достарына Сауронды жеңуге және Бір сақинаны жоюға көмектеседі. Қатал жауынгер әрі асқақ ойлы сиқыршы болса да, Гендальфта адамдықтың жылы лебі сезіліп тұрады — бұл көңілге ерекше жұбаныш береді.
Кейбіреулер оны даңққұмар, тәкаппар деп қабылдауы мүмкін және олар қателеспейді. Бірақ олар Гендальфтың өзгелерге аяушылық пен жанашырлық танытатынын мойындамаса, көп нәрседен қапы қалар еді. Нық Сәулетші (INTJ-A) ретінде Гендальф бұл қасиеттерін жанындағы Сезімтал қасиеті басым достарынан өзгеше өрнектейді.
Тұлғалық талдау
Көркем әдебиеттегі сиқыршыны сипаттау адамға не хоббитке қарағанда әлдеқайда күрделі. Десе де, Гендальфтың болмысы оның өзгелермен қарым-қатынасы мен ерекше қабілеттері арқылы анық байқалады. Не себепті біз оны Нық Сәулетші деп есептейтінімізді төменнен оқып біле аласыз.
Интроверт
Гендальфтың өр мінезі мен көшбасшылық қабілеті оның табиғатында Экстраверттік сипат бардай көрінуі мүмкін. Алайда, оны жылдар бойы жалғыз жүріп түрлі елдер мен халықтарды зерттеуі, әрі толғанысты мінезі Интроверт адамға тән басты белгілер.
Ол түрлі той-думандарға барғанды жаны қаласа да, ортаның шетінде қарап, немесе от шашып, ән мен биге басқалардың қызықтағанын жай ғана бақылайды. Қажет болғанда жалынды сөз сөйлеуге қабілетті, алайда ол шын мәнінде өзінің даналығын жеке сұхбаттар арқылы бөліскен кезде ерекше ашылады. Әсіресе қиын сәттерде.
«Бізге керегі — уақыттың бізге қанша бергеніне емес, сол уақытты қалай пайдаланатынымызға шешім қабылдау.»
Интуитивті
Гендальфтың Интуитивті болмысы, кем дегенде, оның өлімсіз сиқыршы екендігімен тікелей байланысты болса керек. Бұл қасиеті Рационалды сипатпен ұштасқанда, ол түрлі бір-бірімен байланыссыз мәліметтерді біріктіріп, мүлтіксіз жоспарын құра алады.
Мысалға, Гендальф Бильбоның (кейінірек Фродоның) сақинасының шын мәнінде Бір сақина екенін өзі анықтайды. Ол бұл шешімге Бильбоның түрлі мінез-құлықтарын байқап, бірнеше жыл бойғы терең зерттеу, ізденісі арқасында келеді.
Рационалды
«Гендальф көп нәрсені ойлайтын. Ол бәрін істей алмаса да, қиын жағдайда достарына көп жәрдем беретін.»
Гендальф логика мен пайымға жүйрік және тамаша стратег. Дегенмен, оның басты күші ақылынан бөлек даналығында. Ол — жолдас, сұңғыла көшбасшы — адамға тапсырманы сеніп тапсыруды шебер білетін жан. Мысалы, Арагорн мен Тэоден патшаны әскер бастауға, ал Фродоны Бір сақинаны жоюға итермелейді.
Дегенмен, оның Рационалды қасиеті кейде барынша қатал түрде көрініс табады. Ол жанына салмақ түсіретін, өз міндетін орындамаған адамға төзе алмайды — ондайда немесе жай ғана жұмысты өзі атқара салады. Мүмкін, кей кездері шыдамсыздық танытады, бірақ осы мінезі достарын шын мәнінде қолдап, оларды ерекше әдіспен құрметтейтінін өзгерпейді.
Жоспарлы
Гендальф белгілі бір мақсатпен жаратылған — Орта Жер тұрғындарының (сонымен қоса эльфтер, хоббиттер, ергежейлілер) тірі қалуы үшін жамандыққа жақсылықтың басым түскенін қамтамасыз ету керек. Оның басты миссиясы — Сауронның жеңілуіне көмектесу, ол тіпті өлімнен оралып, осы міндетін толықындайды.
Жалын да, су да, қиянатшыл сиқыршылар не орк әскерлері де Гендальфтың достарын жеңіске жетелеуіне тосқауыл бола алмайды. Ол — дана, табанды және ешқашан үмітін үзбейтін адам. Денетор өзі Сауронның әскерінен Минас-Тиритті қорғаудан бас тартқанда, Гендальф ойланбастан басшылықты қолға алады да, әскерді жеңіске бастап кетеді. Мақсатқа жету үшін басшы бола білу және тәртіп орната алу қабілеті, оның Жоспарлы тұлғалық қасиетінің жарқын мысалы.
Нық
Өз мүмкіндігіне сенімсіздікпен қарау Гендальфқа тән емес, ол еш күмәнсіз — нағыз Нық тұлға. Ғажайып күшке ие өлімсіз сиқыршы болу да оның сенімділігін арттыра түсетіні сөзсіз. Бұл Гендальф мүлде қорықпайды деген сөз емес — тек ол қорқынышына қарамастан өзі сенгені үшін күресуді ешқашан тоқтатпайды.
«Сен өте алмайсың! Мен Құпия Отқа қызмет етемін, Анор алауы — менің қаруым. Сен өте алмайсың! Қара алау саған көмек болмас, Удунның алауы. Көлеңкеге қайт! Сен өте алмайсың!»
Қорытынды
«Міне, ақыры, қымбатты достарым, Теңіз жағасында Орта Жердегі біздің жолымыз тәмамдалды. Аман болыңдар! Мен «жыламаңдар» демеймін — барлық көз жас жамандық емес.»
16Personalities командасы ретінде, біз тұлғаны барынша әділ әрі нақты бағалауға тырысамыз. Дегенмен, мұндай талқылауларда көркем кейіпкерлер туралы жеке пікіріміз әсер етпей тұрмайды. Сондықтан біздің пайымдауларымыз басқа дереккөздердегі көзқарастардан өзгеше болуы әбден мүмкін.
Гендальф — күрделі мінезді, ұрпақтан ұрпаққа қызығып, шабыт алған кейіпкер. Осы қысқаша талдау сізге ой салып, мүмкін, кітапты қайта оқып не фильмді қайта қарауға ынталандырады деп сенеміз.
Сіздердің ой пікірлеріңіз де біз үшін қызық. Гендальфтың тұлғалық сипаты туралы не ойлайсыздар? Төменге пікір қалдырыңыздар!
Қосымша оқу
Арагорн: жомарт патша қызметшісі (Сақиналардың әміршісі кейіпкерлері сериясы)
Эовин: батыл әйел жауынгер (Сақиналардың әміршісі кейіпкерлері сериясы)
Күш пе, әлде сиқыр ма? Ойыншылардың тұлғалық типтерін зерттеу